Пойызда келемін. Жанымда отырған қырықтар шамасындағы жолаушы әйелдің көз жасы тыйылар емес. Солқ-солқ етіп шарасыз кейіпте жылай берді, жылай берді.
Бірер уақыт өткен соң, сәл басылды. Сөйтіп, жанында отырған бір-біріне мүлде бейтаныс үшеумізге қарап былай деді:
– Бейтаныс бауырларым, жер бетіндегі өзге тірі жан білмейтін сырымды сіздерге айтпасам, ішім күйіп, өртеніп барады…
– Әлбетте, – десіп, бас шұлғыдық.
– Күйеуіммен жараспай, ажырасып, төркініме қайта келдім, – деп бастады ол сонда әңгімесін. – Әкем де, шешем де жанымда болды. Сөйтіп, күйеуімнен бір балам бар, төртеуіміз тұра бастадық. Жұмыстың қиындығынан ба, білмедім, әйтеуір қабағым бір ашылмайтын. Кәрі әке-шешем бар тәттіні аузыма тосып отырғанда да, әкем қақырынып қалса, жақтырмай, алдымдағы тамақты итеріп, төгіп жіберетінмін. Анам сол кезде «Қарғам-ай» дейтін де, төгілген тамақты үнсіз жинап алатын. Анам да, әкем де қартайған… Жүріс-тұрыстары қиындай бастаған шақта, тіпті «Қарттар үйіне» тапсырып тастасам ба екен деп те ойланып жүрдім. Өйткені, қатты шаршап келгенде өзіммен-өзім болып, рахаттанып демалғым келетін. Олар үйге бір кіріп, бір шығып тым тынымсызданып кетті.
Астанада жақсы қызметке орналасып, су жаңа джип көлігін алдым. Сол джипке әке-шешемді мінгізгім келмей, оларды барар жеріне автобуспен жүргізіп қоятынмын. Мына өмірге ме, қоғамға ма, білмедім, әйтеуір кеудемде бір өшпес өшпенділік болды. Бәрін жек көрдім. Бәрінен баз кештім.
Туған бауырыммен сыйыспай, ата-анамды сол бауырымның отбасымен араластырмадым. Анама да, әкеме де дауыс көтеріп, бұйыра сөйлеу күнделікті дағдыма айналды.
Кеше аяқ астынан анам жүрегі ұстап құлап қалды. Мен жұмыста едім.Тас болып қатып қалған жүрегім кезекші дәрігерлер ауруханадан қоңырау шалғанда еріп сала бергені-ай… Алқынып ауруханаға жеттім.
Анам кереуетте жатыр екен. Көзі жұмулы. Кереуетке жетіп жығылып, өкіре жыладым.
– Тастамашы, апа! Тастамашы! Мені кешірші?! Кешірші мені! Мен қазір-ақ бауырыма қоңырау шаламын, бауырыммен татуласамын, барлық жағдайыңды жасаймын, тек көзіңді ашшы, – деп көз жасымды төге бердім.
Анамның саусағы әзер қимылдады. Бірақ дәрігер бұл анамның өміріндегі соңғы минуттары екенін айтып, «Соңғы сөздеріңді тез айтып қал» деп күбірледі.
– Апа! Мені кешірсең, қолымды қысшы! – дедім жанұшыра.
Бұл сөздерді не үшін айтқанымды білмеймін. Бәлкім өзіме кішкене жеңіл болсын деп, кейін өз-өзімді жегідей жемес үшін айтқан шығармын…
Анам қинала қимылдап, саусағымен қолымды бір рет қысқандай болды…
– Расымен бе? Мен бейбақты, мен сорлыны кешіресің бе, апа?! – дегенімде, бірер секундтан соң, анам саусағын тағы қимылдатты. Мен бұл жолы анамның мені естіп жатқанына сенімді болдым.
Осыдан кейін бірер секундтан соң, анам мәңгілік сапарына аттанып кетті. Мен ебіл-дебіл боп жылап, анамның бетін, саусағын сүйе бердім. Бұрын анам тірі кезінде мені бетімнен сүймекші боп ұмтылғанда, «Бетіңдегі әжімдерің бетіме тигенде жиіркенем» деп, сүйгізбейтінмін. Сенесіздер ме, анам кереуетте жатқанда, сондай тәтті болып кетті. Сондай тәтті еді… Әжімі де сондай сүйкімді болатын…
Ал жансыз саусақтары мәңгілік менен ажырамаса екен деп тіледім сол сәт. Бірақ бәрі кеш еді… Кеш еді…
Мен ақымақты бір сәтте өзгертіп, тәубесіне келтірген қандай құдірет екенін білмеймін. Бір білерім – өмір бойы анама істеген істерім үшін өкініп өтемін…
Әйелдің ауыр әңгімесін тыңдап отырған жолаушының бірі:
– Ал әкең қайда? – деді сыбырлай…
– Әкем анам қайтыс болды деген хабарды естіген бойда жүрегі ұстап, құлап қалды. Қазір ауруханада жатыр. Жағдайы жақсарыпты, телефонмен сөйлестім. Біз анамызды өзі туған Талдықорғанға жерлеу үшін алып келеміз. Анамның мүрдесі бауырымның көлігінде, – деді әйел.
Жүйткіген пойызға жүрдек уақыт ілесіп, әп сәтте түн түсіп, бәріміз ұйқыға жаттық. Әйел түнімен ауыр күрсініп, дөңбекшіп шықты.
Таңертең тұрғанда, әйел бір түнде бірден он жасқа қартайып, шөгіп кеткендей сезілді…
Қолымызды мезгілінен кеш сермеп қалып жүрмейік бауырлар. Анаңызды жақсы көретініңізді айтып, жиі-жиі құшақтап, бетінен сүйіңіз.