Озбырлық немесе өктемсiген казактарды намысқой қазақтар қалай тықсырды?
Қазақ халқы бөтен жұрттың жер-суына, жеке меншiгiне көз алартып, басқыншылық жасады дегендi ешкiм естiген де, оқыған да емес. Өзiн болмаса да, өзге халықтың бәрiн құрметтеген, жаулыққа бармаған. Бiрақ, киелi атамекенге шабуыл жасаған дұшпандарға аяусыз соққы берiп, қасық қаны қалғанша қорғаған, қорғай бiлген.
Қазақ бұрын да, бүгiн де солай. Әйтсе де, қазақ, әсiресе, кеңестiк кезеңде қызыл империя басшылары меншiктi жерiн жырымдап, өзгелерге бергендерiне амал жоқ көндi. Алғаш қазақ астанасы болған Орынбор қаласы мен сол аттас облыс Ресейге өткенде де көндi, өйткенi, қарсылықтан түк өнбесiн бiлдi. Одан берiде оңтүстiктегi бiр аудан бiржола, кейiн жарым-жартылай керi қайтарылған үш аудан ала тақиялы жұртқа өткенде де тiлдерiн тiстедi. Ал Арқадағы алты облыстың орысқа өту қаупi туғанда Ж.Тәшеновтей санаулы арыстар қарсылық бiлдiрiп, қара ниет iске аспады. Бiрақ, бәрiбiр, iске асуы мүмкiн едi, егер Хрущев тағы алты ай тұрғанда. Маңғыстаудан айырылып қалу да бек ықтимал едi (оны Қонаевтың айтуымен сақтап қалған КСРО Геология министрi Сидоренко).
Бүгiн ше? Қазақ өз жерiндегi (ұлт емес) диаспора өкiлдерiне бүгiн де зор iлтипатпен қарайды. Ұлтаралық татулық, бiрлiкке өте...е...е адал. Басқалар ше? Олар да солай ма? Әй, қайдам. Егер ұлтаралық татулық пен бiрлiктi ойласа, ақылы жетерлiк шовинистер неге қазақ жерiне қайта-қайта телмiруге құмбыл? Күнi кешеге дейiн, бiресе солтүстiк, бiресе шығыс өңiрлерде “бөлiну” қоламтасын қоздатқан солар емей кiм? Қазiр де сол пиғылдарынан қайтар емес. Үй iшiнен үй тiгiп, автономия болғысы келгендер өзiнше. Сонда олар қазақтың көңiлiне қарамастан, тұтас бiр халықты қорсынғаны ма, кемсiткенi ме? Әлде, оларға ұлтаралық татулық, сыйластық, ынтымақ керек емес пе едi? Соңы қантөгiске соғарын бiлмей ме, түсiнбей ме? Солай! Басқаша қалай? Қазақты можантопай көрiп, атамекенiн жырымдауға неге құштар бола бередi? Күнi бүгiнгi интернеттi қарашы! Қазақты кемсiтетiн қандай-қандай “кереметтер” көрер екенсiң?
Ғасырлар бойы ұлтарақтай жерiн жатқа бермеген қазақ сын сағатта өзара кикiлжiң, алауыздықты бiр-ақ сәтте жиып тастап, жұдырықтай жұмылып, атқа қонатын халық. Бүған әрiге бармай-ақ, күнi кешегi 1991 жылғы Орал қаласында орын алған казак-орыстардың астамшылығын айтсақ та жетiп жатқандай. Бұл аса қатерлi, қауiптi, бүкiл елдi от-жалынға орауға шақ қалған, алмағайып кез едi. Қазiр ғой соны да ұмытқандаймыз, моп-момақан боп жүргенiмiз. Ал ол кезде...
1986 жылғы желтоқсан, 1989 жылғы Жаңаөзен оқиғалары аз болғандай, ұлтаралық татулық пен ынтымақ-бiрлiкке пысқырып та қарамаған ресейлiк казактар өз елдерiндегi осы (казактар) қауымдастықтың төрт жүз жылдығын қазақ жерiндегi Орал қаласында атап өтпек болды. Бұл көрер көзге өктемсу, көзге iлмеу, кеудемсоқтық едi. Бұған қарсы жер-жерде наразылық топтар құрылды. “Азат” қозғалысы аттан салды, штабтар жасақталды. Михаил Есенәлиев, Амантай Асылбеков, Жасарал Қуанышәлин, Сәбетқазы Ақатаев, Айсұлу Қадырбаева, Серiк Ерғалиев (бұл азаматтың ақиқатты ашып айтқан ерлiк, әдiлдiгiне төменде тоқталамыз), басқа да белгiлi тұлғалар өре түрегелдi. Желтоқсан оқиғасы кезiнде бұғып қалып, кейiн батыр болғандар бұл жолы да табылмай қалған жоқ. Қазақ элитасы (Орал оқиғасына бiрде-бiр атақты зиялы қатыспады) халық үшiн бас көтеруге құмбыл болмады, қоғамдық топ та шықпады. Қазақ халқына бұл жолы алдымен Жаратқан ие жар болды, онан соң сол халықтың саналы ұл-қыздары. Әлi есте, Есқалиев басқаратын облпарткомның жалтақтық, жасықтығы күн сайын байқалып, көрiнiп жатты. Ай, мынау күллi Ресейдiң түкпiр-түкпiрiнен топ-топ болып ағылып келiп жатқан менменсiген казак-орыстарға неге тойтарыс бермейдi деген сауалға жауап болмады. Бәлкiм, казак-орыстарды ауыздықтауға шара қолданылса, қан төгiледi деген шығар. Сонда олар егер казак-орыстардың дегендерi болса, қан төгiлмейдi деп ойлады ма екен? Төгiлер едi және шелектеп емес, өзен боп ағуы мүмкiн едi. (Есқалиевтер мұны я ұқты, я ұқпады. Пәлен деу қиын). Онымен қоймай, қазақтың намысы тапталып, әлемге күлкi-мазақ болар едi. Алайда, Құдай қолдаған ержүрек халық оған жол бермедi. Мәселе Есқалиевтерсiз де шешiлiп, барлығы жөнге келдi.
Осы арада қазiр сол жөнiнде әркiмдер айтып жүретiн бiр оқиға еске түседi. Солардың бiрi былай.
“Қазақта намыс жоқ” деп қақсаудан жалықпайтын, өзi де қит етсе, лаң салуға бейiм бiр кекше бас, ешкiкөз заржаққа атақ-даңқы жоғары өнер өкiлi: “Неге олай дейсiң? Өзiңе қарап тон пiшесiң бе? Қазақта намыс болмаса, батыстағы Орал қаласында төрт жүз жылдық мерекесiн өткiзбек болған ресейлiк казак-орыстардың арам ойын iске асырмау үшiн Алматы, Жамбыл, Шымкент облыстарынан 24 мыңға жуық қазақ үш күндiк жерге не үшiн ат сабылтып барды? Араларында жасы келген қарттар, жаңа туған сәбиi бар әйелдер болды, ұмыттың ба? Бұл туралы сол күндерде бүкiл телевизор үстi-үстiне көрсетiп, газеттерде кеңiнен жазылды емес пе?” – деп уәж айтты.
Серiк Ерғалиевтi тыңдайық:
...Сағат 10-да шiркеуде шоқыну салтанаты, 11-де “Зенитте” казактар құрылтайы болады деген хабар алдық. Ресми басшылықтан күдер үзген бiздер оқиға барысын үйлестiрiп, қолға алуды және басқаруды ойластыра бастадық. 13 адамнан тұратын (қандай аз) штаб жұмысын iске қостық... 100 адамнан тұратын (қандай аз) ерiктi жасақ құрдық... Казактар шiркеуiнде шоқыну басталған кезде, бiздер де – 113 адам – “Зенит” сарайына тарттық.
“Зенитке” таяп келiп, сап түзеп тұрдық. Милиция жасағы бiзден де көп екен... Алматылық орта бойлы қазақ генерал-майоры жүрдi. Бiрақ, оның қызметi қаншалық екенiн түсiне алмадық. Милиция жасағы “Зенит” пен бiздiң арамызға қалқан болып сап түзеп тұрды. Әсiресе, орыс-казак милициялардың қабағы қатыңқы, дөрекi сөйлейдi... Бар мақсатымыз келiмсек казактарды қуып, құрылтайын болдырмау... Бұл кезде жақын маңда митинг жасамақ болған мыңдаған қазақтар тұрған-ды...
Күн қара суық... Ызғар өңменнен өтiп барады. Бiр кезде... әскери киiнген қауға сақал казактар сап түзеп... “Зенитке” қарай жүре бастады. Бiзден шыдам кеттi, арамыздағы жамбылдық шымыр денелi, каратэшы Мұхтар деген жiгiт казактарға тұра ұмтылды. Оны ұстап қалдық. Намысқой жiгiт еңкiлдеп жылап жiбердi... Саптағы бiр милиционер қазақ та үнсiз жылап тұрды (облпартком жетекшiсi Есқалиев жылады ма, белгiсiз).
...Жетi адам казактарға барып келiссөз жүргiзуге ұйғардық. Сөйткенше болмай, осылай қарай қарлы көшкiндей қаптап келе жатқан мың-мыңдаған қазақтарды көрдiк. “Қазiр қырғын басталады” деген суық ой жүгiрiп өттi...
Дереу жамбылдық (қолында кiшкентай қызы бар) Хадиша дейтiн келiншек басындағы орамалын қазақ жастарының алдына жайып тастады да: “Тоқтаңдар!” – дедi. Бiз де қол ұстасып тұра қалдық... Казактармен келiссөзге 15 минут сұрадық. Осы уақыт iшiнде ештеңе үлгермесек, не болса да болады дедiк. Облыс басшысы Н.Есқалиевке да ескерттiк. Есiрген казактардың автобустарын сарай есiгiне тақап, шұғыл қашудан бөлек шарасы қалмады. Сол шақта мыңдаған қазақтар тосқауылды да, милиция құрсауын да быт-шыт қылып, тұс-тұстан сарайға ұмтылды. Казактардың автобусқа мiнгенi мiнiп, мiнбегенi тырағайлап қашты. Осылайша қантөгiссiз, қиратусыз ұлттық рух салтанат құрды... Бiрақ, әттең...
Қазақ элитасы халық үшiн бас көтерудiң қаншалықты қажет екенiн онша аңдамады. Зиялы қауымның әлсiздiгi осы оқиғадан тағы да көрiнiп қалды. Бiз Серiк Ерғалиевтiң жазбалары бойынша кей тұстарын ғана ауызға алған Орал оқиғасының мән-жайы осындай.
Өз тарапымыздан қосымша айтарымыз, сол шақтарда қазақ жерiн шамалары келгенше иелену үшiн желеу еткен казактар құрылтайын болдырмаған қазақтардың жанқиярлық iс-әрекетi арқасында Горбачев, Солженицынның арам пиғылдары құрдымға кеттi. Қазақстан басшылығына елдiң территориялық тұтастығын нығайта түсуге баға жетпес мүмкiндiк туды.
Серiк Ерғалиев бауырымыздың сараптамасынан кейiн ақпарат құралдарында сол жылдарда Оралдағы казактар лаңын басу үшiн Жамбыл, Шымкент облыстарынан 20 мыңнан аса адам барды деп қайта-қайта айтылып, жазылғанына күмән-күдiк сейiлгендей болды. “...Туған ағасын ертiп Шоқай ақсақал, 3 жасар қызын жетелеп Хадиша секiлдi батыр әйелдер араласып, қаптап келген Шымкент, Жамбыл облысының патриоттарын айтсайшы”, – дейтiн Серiкке рахмет. Бұл ненi бiлдiредi? Бұл қазақта ел, жер – бiреу, Отан – бiреу, намыс – бiреу, сол үшiн мыңдаған қазақтар үш күндiк жолды артқа тастап, казактардан қорғауға барған iрiлiктi, тұтастықты бiлдiредi. Басқаша болуы мүмкiн бе едi? Жоқ! Мүмкiн емес-тi. Сен қасқа, бәлкiм, сөз нұсқасын өзiңше долбарлап, Шымкент пен Жамбылды неге бөле-жара сөз етедi дерсiң. Бөле-жарған кiм бар. Егер олай десең, бұдан жүздеген жыл бұрын Самарқандағы Жалаңтөс Баһадүрдiң жиырма мың қолмен Жаркент жерiндегi Орлыға барғанын есiңе ал. Абылайханның ақырғы баһадүрi, Ташкенттен шыққан Шанышқылы Бердiқожа батырдың сүйегi Қарқаралы мен Шұбартау аралығындағы сайын далада нелiктен жатқанын зерделе...
Ал Орал оқиғасы тiптi де жеңiл-желпi, жылы жауып қоя салатын жағдай емес-тiн. Бiздiңше, бұл әзiрше жабық тақырып. Кеңiнен талдап, зерделеп, тарих бетiнде таңбалануы, тиiстi бағасын алуы ләзiм. Әй, бiрақ, Желтоқсан, Жаңаөзен оқиғалары толық ашылмай тұрғанда оның ақиқатын айттыра қояр ма екен?
Бақыт ОРАЗОВ.
«Жас Алаш» газеті