Желтоқсан көтерілісі кезінде көппен бірге алаңда жүрдік. Кенет бір жігіт: «Әншейінде қазағым, халқым, елім деп етегі жасқа толып жүретін ақын-жазушылар қайда? Олар неге біздің арамыздан көрінбейді?»– деп айқай салды. Менің жанымда тұрған ақын Төрегелді Тұяқбаев әлгі жігітті жеңінен тартып: «Еліре берме, бауырым. Біз қасыңда тұрмыз сенің»,– деді. Біреуді біреу танып болатын кез бе еді ол!.. Мені желтоқсаншы ретінде ешкім кездесуге шақырған емес. Мүмкін Арасанбайды да, Мейірханды да, Төрегелдіні де, марқұм Сейітқұл мен Лесбайды да, Аманханды да, Болатты да шақырмаған шығар. Ал желтоқсан көтерілісінің куәгерлері көп еді. Өте көп еді... Оның үстіне оқиға өтіп жатқан кезде «басыңа бәле болады» деп ақыл айтып, бұғып отырған біреулер де қазір «желтоқсаншы» аталып жүр... Күні кеше фейсбуктен Нұрлыбай Қошаманұлы деген азаматтың «ЖЕЛТОҚСАН КӨТЕРІЛІСІН ҰЙЫМДАСТЫРУШЫЛАР» атты мақаласын оқыдым. Өте маңызды деректерді келтіріпті. 1986 жылғы желтоқсанның 16-сы күні түнімен халықты ертеңгі болатын шеруге жұмылдыру үшін нақты жұмыс жасаған Т.Жүргенов атындағы театр-көркемөнер институтының Құрманғазы Айтмұрзаев бастаған Бақтыбек Иманқожаев, Аманбай Қаметов, Үсіпхан Сейтімбетов есімді студенттері екен. Ал алаңға жастар алып шыққан ұрандарды жазған жігіттердің бірқатары көркемсурет училищесінің студенттері-тұғын. Олардың арасында менің қайным Жұматай Мұқажанов та болатын... Желтоқсан көтерілісіне байланысты біраз көркем туынды дүниеге келді. Деректі фильмдер түсірілді. Композиторлар ән арнады. Көптеген ақындар жыр жазды. Оқиғаның тікелей куәгері болған қаламдастарымның арасында Жұмаш Кенебай (Көкбөрі) «Зобалаң» атты дастанын өмірге әкелді. Сейітқұл Оспанов «Құлдар көтерілісі», Темірхан Момбекұлы-Түркістан «Тірі өлік» хикаяттарын ұсынды. Публицист қаламгерлер Талғат Айтбайұлы, Қайым-Мұнар Тәбей сынды азаматтар Желтоқсан көтерілісін нақты деректермен көрсететін бірнеше кітап шығарды. Аты-жөні аталмай қалған ағайын кешірім етер. Бірақ еліміздің тарихында үлкен орны бар Желтоқсан көтерілісі туралы ақиқат әлі түгел айтылып болған жоқ. Менің жарым Қалима Мұқажан 2014 жылы «Дидар-ғанибет. Анфас» атты кітабын жарыққа шығарған. Кітаптың таралымы өте аз: 500 дана ғана. «Дидар-ғанибет. Анфас» негізінен оның өзінің және менің өміріме қатысты деректерге, естеліктерге құрылған. Әрине, бізбен аралас-құралас болған бірқатар қаламдастарымыз туралы да өзі куә болған оқиғаларға орын беріледі. Сол кітаптан Желтоқсан көтерілісінің біздің өмірімізде қалдырған ізін баяндайтын бір үзіндіні назарларыңызға ұсынсам деп отырмын. Қалима МҰҚАЖАН «ЖЕЛТОҚСАНШЫ ҰЛ-ҚЫЗ – БӘРІНІҢ БҮГІН ЕРЛІГІ ҮЛКЕН МӘНГЕ ИЕ» 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы біздің отбасымызды да айналып өткен жоқ. «Пленум шешiмi кез келген ұлтын сүйетiн қазақты үйiнде бейжай жатқызбады,– деп еске алды кейін ақын Болат Үсенбаев сол күндерді.– Жүректерде iштей толқу, буырқаныс пайда болды. Сол күнi кешкi бестер шамасында мен де алаңға бардым… Сеңдей соғылысқан қазақтың өрiмдей ұл-қыздары, студенттер мен жұмысшы жастар. Қатулы қабақ, түнерiңкi жүз. Сол сәтте неден болса да тайынбас жiгер отының ұшқыны көрiнiп тұрды көздерiнен. Қолдарында әр түрлi плакаттар. Самсаған әскери қол кеспелтекпен және қалқанмен қаруланып, қарсы бетте тұрды. Бiр-екi жерде төңкерiлген милиция көлiгi өртенiп жатты. Жастар хормен «Менiң Қазақстаным», «Елiм-ай» әндерiн шырқады. Шыңылтыр аяз. Оны елеп жатқан ешкiм жоқ. Топ iшiнде қыздар басым сияқты көрiндi маған. Дауыстары да жарқын-жарқын шығады. Өжеттiктерi, қайсарлықтары таңдантты. Алаңда ақындар Байбота Серiкбаев, Төрегелдi Тұяқбаев, Аманхан Әлiмов кездестi. Солдаттар қарсыласқан жастарды жиi-жиi қуалап, қолға түскендерiн алып кетiп жатты. Сағат сегiздер шамасында солдаттардан қашқан бiр топ студенттiң ортасында қалып, мен де қолға түстiм. Бiр тәулiктен астам қамауда болдым. Жаңа жылға таман милиция қайта шақырып, бұзақылығы үшiн деп 15 тәулiкке отырғызды. Жаңа жылды түрмеде қарсы алдым. Бiрақ өкiнген емеспiн. Ерлiк жасамағанның өзiнде, осындай ұлы оқиғаны көзбен көрiп, қолдаушысы болудың өзi неге тұрады» («Егемен Қазақстан», №326. Желтоқсанның 16-ы, 2003 жыл). «Кемедегінің жаны бір» дейді қазақ мақалы. Бұл мақал, бәлкім, Нұх пайғамбар заманынан бері айтылып келе жатқан шығар. Бірақ қазақтың тағы бір мәтелінде айтылатынындай, көппен бірге көргеннің бәрін ұлы той деуге бола ма екен? Көптің, яғни елдің басына түскен қайғы-қасірет, нәубет қалай ұлы той болады?! Адамзат баласы, бәрібір, мемлекет деп аталатын алып кемеде де бірге өмір сүреді ғой. Ол кеменің штурвалын ұстаған кім, оны топас саясат жүргізе ме, әлде дұрыс саясат жүргізе ме, мейлі, қолында билігі жоқ қара халық одан қашып кете алмайды. Аяқ астынан үш ұйықтаса түсіне де кірмейтін өзгерістер бола қалса, оған да бағынудан, мойын ұсынудан басқа жол табу да оңай емес. Ол кездегі Кеңес Одағы деп аталатын ортақ үйіміздің іргесі шайқалады дегенге біз ешқашан сенген емеспіз. Сену былай тұрсын, мұндай ой басымызға да кіріп-шықпаған шығар. Тарихтан талай империяның күйрегенін оқысақ та, Кеңес Одағының мәңгілік екеніне шүбә келтіріп көрген жоқпыз. Өйткені ол империя емес, туысқан республикалардың мызғымас одағы деп білдік. Он бес одақтас республиканың әрқайсысы да суверенді мемлекет екеніне имандай иланыппыз. Санамызға туғаннан бастап КСРО секілді мызғымас елдердің мәңгілік одағында өмір сүріп жатырмыз деп сіңіргендіктен, біз өзіміздің интернационалдық сипаттағы ортақ шаңырағымызға сүйендік, СОКП-ны әкеміздей арқа тұттық. 1986 жылғы Қазақстан КП ОК-нің соңғы пленумынан кейін Желтоқсан оқиғасы бұрқ ете қалды. Үш күнге созылған бұл дүмпу жанымызға жазылмастай жара салып, біздің ортақ үйімізге деген барша ізгі сеніміміздің күлпаршасын шығарды. Желтоқсанның 17-і күні кешке қарай алаңға шыққан жастарға аяушылық болмайды, оларға қарсы оқ атылып, танк шығарылады екен деген сөз қалаға желдей есіп тарап кетті. Байбота түнгі сағат 12-ден өте үйге келген. Мен үрейленіп қарсы алдым. Бірақ ол біресе алаңға шыққан жастарға ризашылығын жасыра алмай, біресе дәрменсіздікпен өзегін өртей күрсіне отырып, өзі көрген оқиғаларды ежіктеп баяндай бастады. Сол күндері оқиғаға қатысқан бүткіл қазақ жастарын туған бауырымыздай көріп, ішіміз езіле, жанымыз аши жақсы көріп кеттік. Қолында ең құрығанда қорғанатын таяғы да жоқ кілең жас өрімдерге қалай көмектесетінімізді білмедік. Ішіміз от болып өртенді, таң атқанша кірпік ілген жоқпыз. Біз тұрып жатқан жер Кеңсай зираты ірге тепкен жотаның етек жағына орналасқандықтан, мың сан шырағы жымың қаққан қаланың бір бөлігі көзге айқын көрініп тұратын еді. Әлсін-әлсін далаға шығып, қала жаққа көз тігумен болдық. Түнгі қаланың тынымсыз дүбірі танктердің гүріліндей, олар жазықсыз жастарды таптап-жаншып жатқандай сезіледі, оларға еш көмек қолымызды соза алмайтын дәрменсіз халде көрер таңды көзбен атырдық. Таң атқанша кеудемізді кернеген күрсінісіміз де ішіміздегі жалынды баса алмады. Осының бәрін өзіне ауыр қабылдаған Байботаның етпетінен жата қалып қыстығып ұзақ жылағаны есімде... Желтоқсанның 18-і күні бұрыннан көше жасақшылар отрядының мүшесі боп табылатын «Жалын» баспасында қызмет істейтін бір топ жігіт Ерлан Сатыбалдиевтің бастауымен білектеріне қызыл шүберек байлап алып, алаңға қайта барыпты да, самсаған әскери қол мен шеруге шыққан жастардың ортасынан сыналап орын алып, қыз-жігіттердің босқа таяқ жемеуіне себепкер болыпты. Бірақ бұларды қарулы күштердің бір полковнигі «сендер арандатушыларсыңдар» деп тергеуге ала бастаған соң, олар шеруге шыққан жастармен бірге Абай проспектісін бойлай жылжып, Ленин проспектісімен (қа-зіргі Достық даңғылы) төмен қарай түсіпті. Байбота жолай №12 мектепте оқитын Қымбатты үйге ала қайтпақ болған екен. Қызғалдақты балабақшадан ертерек алып шыққан маған сол арада жолығып қалды да, бәріміз үйге бірге қайттық. 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасынан кейін жұмыс үстінде бастары қосыла қалған бір топ жас ақын – араларында Байботадан өзге Абзал Бөкен, Жұмаш Кенебай, Төрегелді Тұяқбаев, Әбубәкір Қайран бар көрінеді – еліміздің тарихындағы бұл ірі оқиға туралы бәріміз де міндетті түрде жазуымыз керек деп бәтуаласыпты. Ауызы жылдамдау Жұмаш: «Мен поэма жазамын»,– депті сол сәтте-ақ. Желтоқсан оқиғасы күндері жасақшылардың қолына түскен жас ақын-жазушылардың бірқатары кейін қудалауға ұшырады. Келесі бір күндері Байбота өзімен бірге қызмет істейтін жас ақын Әбубәкір Қайран екеуі жұмыс арасындағы түскі үзіліс кезінде Мейірхан Ақдәулеттің көңілін сұрауға барып қайтқанын айтып келді. Алаңда қолға түсіп қалған Мейірханды жасақшылар тепкінің астына алып, қабырғасын сындырып жіберіпті. Түскі тамақ уақытында үйіне барған Байботаға Айжұма әзіл-шынын араластыра: – Мұның орыстың декабристері сияқтанып дарға асылып кетуге шақ қалып жатысы мынау. Қабырғасы сынған. Емдетіп жатырмыз. Ал сен достарынан бөлініп қалған Пушкин секілді аман-сау жүрсің,– деп наз айтыпты. – Пушкин декабристер көтерілісі күні қалада болмай қалған ғой. Оны білесің бе?– депті Байбота. – Білемін. – Білсең, сол Пушкиннен «Санкт-Петербургте болсаң, сен не істер едің?» деп сұрағандарға ол: «Мен олармен бірге болар едім»,– деп жауап берген емес пе? – Иә, солай. – Ал мен тек таяқ жеп қалмағаным болмаса, өзімнің достарыммен бірге алаңда жүрдім ғой. – Құрысын, аман-сау жүргендеріңе тәубе дейміз. Ертең декабристерге ұқсап Итжеккенге айдалып кетіп жатсаңдар, Кәмила, Гүлзия үшеуіміз солардың әйелдері секілді соңдарыңнан іздеп бармаймыз ба?– депті бойындағы қауіпті сейілдіре алмай. Ақын Мейірхан Ақдәулетұлы араға біраз уақыт салып, 2008 жылғы желтоқсанның 15-і күні журналист Баян Сәрсенбинаға («Құл ешкімді сүйе алмайды, жарығым...») берген сұхбатында: «...Рас, сол күндері біздің зиялы қауым әбден қарабет болды. Шынымен де сол күндер кімнің кім екенін көрсетті емес пе? Қазақ зиялыларының арасынан Қалтай Мұхамеджанов қана жеке-дара дұрыс сөзін айтты. Расында сол кездегі қазақтың зиялы қауымы коммунистік-отарлаушы биліктің «семіз малайы» еді. «Семіз малай» сын сағатта асыраушысының айтқанынан шыға алмай қалды. Әрине, мен ешкімге кектен-беймін де, ешкіммен жауласуды мақсат тұтпаймын да. Болған жайды ғана айтып отырмын. Бұрын да айтып келемін. Қазақтың мен деген адамдарының «Алаңға шығып нең бар еді?» деп боқтағандары бар. Сол күндері біз қуғынға түсіп, абақтыда 3 күн отырып үйге келдік. Үйге оралғасын, ызаға булығып жылағым келді. Біздің сұмырай күйімізге қарап... Сын сағатта бет-бейнесін танытқан бірлі-жарымды азаматтар болды. Бізді қамаған түрмеге Әзірбайжан Мәмбетовты қызыл ала қан етіп, әкеп тастағанын өз көзіміз көрді. Әрине, мен қазақтың бүкіл ақын-жазушысы, гуманитарлық интеллигенциясына топырақ шашып тұрған жоқпын. Артынан біздің мәселемізді қараған масқара жиналыста Фариза Оңғарсынова мен Ақселеу Сейдімбек қана майдалап, «Бұл дұрыс болмады, жастарды тәрбиелеу керек қой» деп жұмсартты. Іштері қыз-қыз қайнап тұрса да, партиядан зәрелері ұшқандықтан болар. Мұзафар Әлімбаев пен Тұманбай Молдағалиев жастар масқара қылды деп айыптады. Бұл өзім куә болған жайт»,– деп ағынан жарылды. Желтоқсан оқиғасы күндері көтерілген рухымыз алаңға шыққан жастарды аяусыз басып-жаншыған соң-ақ жығылып қалды. Мақтан қылып айтар ештеңе де жоқ. Кешкісін жұмыстан үйге жеткенше асығамыз. Қыстың күні де қарға адым ғана ұзарған. Әр жерде бір сығырайған шамы бар тар көше тіпті үрейлі. Қаланың бір шетіндегі пәтерімізге жеткенше қас қарайып кетеді. Байбота екеуіміз телефон арқылы хабарласып, балабақша мен мектептегі екі қызымызды – кішкентай Қымбат пен Қызғалдақты әр жерден бір теріп алып, үйге бірге қайтып жүрдік. Аз күннен кейін жаппай тергеу, жұмыстан қудалау, оқудан шығару науқаны басталып кетті. Кешке көшеде жүру, жұмыстан үйге қайту мұңға айнала бастады. Себебі, топ-топ болып бірігіп алған орыс ұлтының жастары кешке қарай үйлеріне қайтқан, бір-біріне қонаққа барған жалғыз-жарым қазақтарды жабылып ұруды үрдіске айналдырып алды. Бірде Байбота екеуіміз кешкілік екі қызымызды ертіп жұмыстан қайтып келе жатқанбыз. Қолдарына бір-бір келтек ұстаған төрт-бес жігіт емпеңдей басып анадайдан алдымыздан шықты. Арасындағы біреуінің «Детей не трогать! Детей не трогать!» деген өктем дауысы құлағымызға ап-анық жетті. Жігіттердің бізді соққыға жыққысы келіп ентелей түскенін сездік. Жанымызға жақындап қалған кезде олардың арасынан көрші үйде тұратын бір татар жігітті танып қалдық. Өзін күнде көріп жүретінбіз. Ол да өзі қатарлы орыс жігіттердің сойылын соғып жүр екен. Біздің көршісі екенімізді байқаған бойда: «Наши соседи! Не трогать!»– деп бұйрық беріп үлгерді. Егер бізді танымайтын өзге топ болатын болса, күніміздің нешік екенін сол кезде кім білсін?! Біз таяқ жемегенмен, сол көшемен өткен өзге қаншама қазақ соққыға жығылды десеңші?! Енді бірде жатар орынға дайындалып жатқан біздің үйдің терезесін көрші үйдегі Жұмагүл деген келіншек келіп қақты. Дірдектеп тоңған төрт қыздың келіп тұрғанын айтып, солардың екеуін таң атқанша үйлеріңе паналата тұрсаңдар деп тілек етті. Сөйтсек, құрбыларының туған күнін тойлауға келген төрт қызды көз байланған шақта бір топ орыс жігіттері қуып берген. Бұлар зират жаққа апаратын жолға қарай қашып, жол шетіндегі ойыс жерде өскен қалың ағаштардың арасынан біз тұратын үйдің бақшасына секіріп кетіп, бой тасалаған. Ол жігіттер сол жерді бір сағаттан астам уақыт шиырлап жүріп алған да, бұлар болса сонша уақыт қар үстінде жүрелеп демін ішіне тартып отырған. Бақтарына қарай олардың тығылған жерлері біздің үйдің бақшасы болып шыққанын қарасаңызшы. Түн ішінде далаға шыққан көрші үйдегі келіншектің қазақ екенін байқаған олар өздерінің жағдайларын айтқан. Жеңіл-желпі киінген бойжеткендердің студент екенін аңғару да оңай еді. Жүздерін үрей билеген қыздар үйге енген соң әуелі не болғанын баяндауға да шамалары жетпей тұрды, тоңғандары сонша сөйлеуге ауыздарының икемі де келмейді. Бір-бір кесе шай ішіп алғаннан соң, салып берген төсекке киімшең құлай-құлай кетті. Осындай оқиғалардан соң мұндай жағдайға төзбей көшедегі автомат-телефонмен 02-ге хабарластым. Кешкісін үйіміздің маңында тыныштық жоғын, милиция жасақтарының кезекшілігі керегін өтініп сұрадым. Мекен-жайымызды жазып алған болуы керек, кешке қарай екі қазақ милиционер келді де, менің аты-жөнімді атап, болған жағдайды сұрады, Байбота екеуіміздің құжатымызды көрсетуімізді талап етті. Тұрып жатқан үйде тіркеуде жоқ екенімізді көрген олар: «Тіркеусіз тұрып жатыр екенсіздер. Бұл заңға қайшы! Бірінші рет болғандықтан ескерту жасаймыз!»– деп айып салу бланкісін толтырып қолымызға ұстатты да, шығып кетті. Біздің таңданысымызда шек болмады. Байбота екеуіміз әлгі қаулыны кезек-кезек қолымызға алып оқимыз: «Постановление о наложении административного взыскания за нарушение указанного в протоколе закона, решения,– деп басталады екен қаулы.– Наложено взыскание административной комиссии при Фрунзенском райисполкоме г. Алма-Аты. №5 от 5 дня февраля месяца 1987 г. (Бланкіні толтырған милиционер 1987 жылды «1986» деп қате толтырыпты – Қ.М.). Гр. Мукажанова подвергнуть штрафу на предупредить руб. за нарушение проживание без прописки. Штраф уплатить в сберегательную кассу Фрунзенского района ул. К.Маркса, уг. ул. Ю. Коммунаров. Срок платы штраф в 10 дней. Счет 00090341. В случае неуплаты штрафа материал передается в народный суд или выслается по месту работы для взыскания. Председатель административной комиссии: (аты-жөні көрсетілмей, қолы қойылған – Қ.М.). члены: (тағы да аты-жөндері көрсетілмей төрт адамның қолы қойылған – Қ.М.)». Құжаттағы қолмен жазылған тұстар курсивпен беріліп отыр. Бізді қорғайды деп үміттенген адамдарымыздың тірлігі осы болса не істемексің?.. 1987 жылдың қысында Чапаев көшесінде орналасқан көркемсурет училищесінің 4-курсында оқитын менің інім Жұматай, онымен бірге оқитын бір топ жолдастары сессиядан кейін Ленинградтағы (қазіргі Санкт-Петербург) Эрмитажға экскурция жасағалы әрі тәжірибе жинақтау мақсатымен аттанып кеткен еді. Асып-тасып Алматыға келген олардың көңілдері су сепкендей басылды. Себебі бәрін де КГБ-дан келген шақырту қағазы күтіп жатыр екен. Бұлар Ленинградта жүргенде мұндағы барлық оқу орындарында тергеу-тексеру шаралары жүріп, Желтоқсан оқиғасына қатысқан студенттерді оқудан шығару ісі басталып кеткен болатын. Осы училищеде сегіз жылдық мектепті бітіріп келіп оқып жатқан оқушылар да бар-тын. Қорқытып-үркітіп жауап алғанда «Ертең бәріміз де көшеге шығамыз, естідіңдер ме?» деп бөлме-бөлмені аралап шыққан жоғарғы курстың студенттері екенін солардың біреуі айтып салыпты. Әрі жастарды Желтоқсан оқиғасына ж